Қазақстанның оңтүстігінде ауа температурасы +48 градусқа дейін көтеріледі

387

Қазақстанның оңтүстігінде 18 шілдеге дейін аптап ыстық сақталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстанның оңтүстігінде ауа температурасы +48 градусқа дейін көтеріледі Фото: ЖИ

Синоптиктердің болжамынша, кей өңірлерде ауа температурасы +48 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК қысқа мерзімді ауа райы болжамдары басқармасының басшысы Ардақ Қалменова мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде Түркістан және Қызылорда облыстарында күндізгі ауа температурасы +43…+45 градусқа дейін жеткен.

Маманның сөзінше, мұндай аптап ыстық 18 шілдеге дейін сақталады. Осы кезеңде аталған өңірлерде ауа температурасы +43-тен +48 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде. Сонымен қатар алдағы бес күнде еліміздің оңтүстігінде жауын-шашын болжанбайды.

Ардақ Қалменова қазіргі ыстықтың басты себебі Иран аумағынан келіп жатқан ыстық әрі құрғақ ауа массалары екенін айтты. Соның әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болып тұр. Ал Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарында әзірге күндіз +23…+31 градус шамасында болады. Алайда 18 шілдеден бастап бұл өңірлерде де ыстық күшейіп, ауа температурасы +30…+35 градусқа дейін көтеріледі.

Батыс Қазақстанда, керісінше, күн сәл салқындап, күндізгі ауа температурасы +23…+31 градус аралығында болады.

Синоптик Астанадағы ауа райына да тоқталды. Оның айтуынша, бүгін елордада ауа температурасы +35 градусқа дейін көтерілген. Ертең +30…+33 градусқа дейін төмендейді. Дегенмен 18 шілдеден бастап Астанада да аптап ыстық қайта күшейіп, ауа температурасы +35…+37 градусқа дейін жетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу