Бұл туралы inbusiness.kz ҚР ТЖМ-ға сілтеме жасап хабарлайды.
29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өрт-сөндіру құтқару спортынан ерлер арасында XVII Әлем чемпионаты және өрт-сөндіру құтқару спортынан әйелдер арасында VІII Әлем чемпионаты өтті. Турнирге ерлерден 11 ұлттық құрама, әйелдерден 4 команда қатысты.
Нәтижесінде, Қазақстан әйелдер құрамасы "жауынгерлік өрістетуден" әлем чемпионы атанды. Бұдан өзге нәзік жандылардан құралған құтқарушыларымыз шабуыл сатысымен көтерілуден, 100 метрге кедергі жолағымен өтуден, жауынгерлік өрістетуден және 4-тен 100 метрге дейінгі эстафетада жарысты.
Жарыс қорытындысы бойынша әйелдер арасында Ресей Федерациясының құрама командасы әлем чемпиондары атанды. Екінші орынды Беларусь Республикасының құрамасы жеңсе, үшінші орынды Қазақстанның әйелдер құрамасы иеленді.
Ал, ерлер арасында Беларусь Республикасының құрама командасы әлем чемпиондары атанды. 2 орында Ресей Федерациясының, 3 орынды Өзбекстан Республикасының командасы иеленсе, Қазақстанның ерлер құрамасы алтыншы орынды иеленді.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша келесі Әлем чемпионаты 2023 жылы Түркияның Стамбул қаласында өтеді.