ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Энергетика министрлігіне жыл соңына дейін отын-энергетика кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасын қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Энергетика министрлігіне биылғы жылдың соңына дейін отын-энергетика кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасын қабылдауды тапсырамын", – деді Премьер-Министр үкімет отырысында.
Сонымен қатар Мамин Энергетика министрлігіне "ҚазТрансГаз" компаниясымен бірлесіп 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандырудың кешенді жоспарын әзірлеуді қамтамасыз етуді жүктеді.
Ұлттық экономика министрлігімен және "Самұрық-Қазына" қорымен және жеке энергия өндіруші ұйымдармен бірлесіп жаңа электр стансалардың құрылысын жаңғыртуды қаржыландыру тетіктерін әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ Энергетика министрлігі "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін полипропилен өндіретін зауытты іске қосуы және Атырау облысында полиэтилен өндіру жобасын жүзеге асыруды бастауды міндеттеді.
"Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың үлкен әлеуетін ескере отырып, "жасыл энергетика" саласының жұмысын жандандыру қажет", – деді Үкімет басшысы.