Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп жазады inbusiness.kz.
"Қазақстанның өз астығы өзіне толық жетеді. Қалған ауқымды бөлігін экспортқа да шығарады. Биыл Қазақстан бидайы Қытай Халық Республикасына жеткізіле бастады. Мысалы, ауа-райы қолайсыз болып, астық шықпай қалған күннің өзінде біздегі ішкі қажеттілік ең аз жиналатын көлемінен 2 есе төмен екенін айта кету керек", - деді ол Үкімет отырысында.
Әлихан Смайылов еліміз бойынша науқандық жұмыстар аяқталып жатқанын атап өтті. Бұл ретте Үкіметтің қаржы бөлу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін толығымен шешкенін де жеткізді.
"140 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінді. 21 млрд теңге қаражат өнімді форвардтық сатып алуға бағытталды. Дихандарға 522 мың тонна астыққа тауарлық кредит берілді. Дизель отыны нарықтық бағадан 30%-ға төмен бағамен жеткізілді. Минералды тыңайтқыштар өндіретін отандық компаниялармен келісім-шарттар жасалып, өнімді субсидиялауға жергілікті бюджеттерден 31 млрд теңге бөлінді. Аталған субсидияларды кешіктірмей беру үшін егіс алқаптарын цифрландыру 1 жылға кейін шегерілді", - деді Үкімет басшысы.