Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 9 млрд долларға жетті

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.   

Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 9 млрд долларға жетті Фото: Ақорда

Қос тарап кездесуде күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша нәтижелі пікір алмасқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Әсіресе, Еуразиядағы қауіпсіздікке баса назар аударылған. 

– Әлемдік саясатта тұрақсыздық белең алған шақта мемлекетаралық серіктестіктің орнықты әрі түсінікті үлгісі айрықша құндылыққа айналды. Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы бұл мақсатқа толық сай келеді. Өйткені, ол уақыт тезінен өткен және жаңа дәуірдің сын-қатерлеріне төтеп беріп отыр. Сан қырлы серіктестігіміз қос халыққа нақты пайда әкелетін ауқымды жобаларға негізделеді. Сауда-экономикалық байланыстардың орнықтылығы, кәсіпкерлердің белсенділігі екі ел экономикасының негізгі салаларындағы өсімді қамтамасыз етіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, соңғы 5 жылда тек агроөнеркәсіп саласындағы екіжақты сауда-саттық көлемі 1 миллиард долларға ұлғайған.

– Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды түрде дамып келеді. Осыған дейін айтылғандай, Ресей Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестиция бойынша көш бастап тұр. Жалпы инвестиция көлемі 29 миллиард доллардан асты. Ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 9 миллиард долларға жетті. Бұл да – жақсы көрсеткіш. Қазақстанда ресейліктердің үлесі бар 20 мыңнан аса компания табысты жұмыс істейді. Биыл 20 тамызда өтетін Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы сауда-экономикалық, инвестициялық салалардағы әріптестік әлеуетін арттыруға тың серпін беретініне сенімдіміз, – деді ел Президенті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу