Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы 66 млрд долларға жетті

216

Бұл туралы "Атамекен" ҰКП төрағасы, ШЫҰ мүше елдері іскерлік кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов мәлім етті.

Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы 66 млрд долларға жетті Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

ШЫҰ елдерінен былтыр Қазақстанға 4,6 млрд АҚШ доллар көлемінде инвестиция тартылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының іскерлік кеңесі шеңберінде экономикалық ынтымақтастығымызды нығайтудың перспективалары мен жолдарын талқылау үшін жиналдық. Өткен жылы шілдеде Қазақстан ШЫҰ төрағасы рөлін өз мойнына алды және осы уақыт ішінде біз айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Қазақстанның бизнесі агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, логистика, медицина, білім беру, IT, туризм тағы сол сияқты экономиканың көптеген секторын қамтитын ШЫҰ елдерінің бизнесімен белсенді ынтымақтасады", - деді Райымбек Баталов елордада өткен ШЫҰ мүше елдер өкілдерінің қатысуымен өткен іскерлік кеңесте. 

Оның айтуынша, ШЫҰ елдері арасында экспорт пен импорт көлемі артып, бірлескен кәсіпкерлік дамып жатыр. 

"2023 жылы Қазақстанның тауар айналымы ШЫҰ елдерімен шамамен 66 млрд АҚШ долларын құрап, 7,5%-ға өсті. Бүгінде Қазақстан аумағында ШЫҰ елдері капиталының қатысуымен 29 мыңнан астам компания және 5 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. 2023 жылы ШЫҰ елдерінен Қазақстанға инвестициялар көлемі 4,6 млрд АҚШ долларын құрайды", - дейді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу