Мемлекет басшылары Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығына ең жоғары баға берді. Бұл туралы бүгін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысынан кейінгі брифингте ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Мемлекет басшылары ШЫҰ-ға Қазақстан Республикасының төрағалығына жоғары баға берді және Астанадағы іс-шара барысында көрсетілген қонақжайлылығы үшін қазақстандық тарапқа ризашылық білдірді. Қазақстан Республикасының ШЫҰ-ға төрағалығы лайықты түрде ең жоғары бағасын алды. Саммитке барар жолда Қазақстан президентінің жеке өз тарапынан және ҚР үкіметі тарапынан үнемі барынша жоғары қызығушылық білініп тұрды. Қазақстандық төрағалықтың 345 күнінде барынша түрлі деңгейде әртүрлі бағытта 300-ден астам шара өткендігін атап өтсек те жеткілікті. Бұл іс-шаралардың шырқау шегі ШЫҰ-ның Астана саммиті болғаны сөзсіз. Шын мәнінде бұл ұйым қызметінің барлық салаларындағы іскерлік белсенділіктің жарқын кезеңі еді", - деді Алимов.
Оның айтуынша, Қазақстанның төрағалығы кезінде Азия, Еуропа мен Америка алаңдарындағы 100-ден астам түрлі халықаралық форумда, конференцияда ШЫҰ қызметі жан-жақты көрсетілді. Мұнан бөлек, ШЫҰ-ның БҰҰ-мен өзара іс-қимылы жаңа сапалы деңгейге көтерілді.
"Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде, БҰҰ-ның Вена бөлімшесінде тарихта алғаш рет ШЫҰ мен БҰҰ арасындағы ең жоғары деңгейдегі бірлескен іс-шара өткізілді", - деді ШЫҰ бас хатшысы.