Бұл ретте өнеркәсіп өндірісінің индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда небәрі 101,6%-ды құрады (яғни, нақты өнім көлемінің өсімі небәрі 1,6%), деп жазады inbusiness.kz тілшісі energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Өңірлер бойынша сүт өнімдерінің басым бөлігі Солтүстік Қазақстан облысында өндірілді: өндіріс 31,7 млрд теңгені құрады, бір жылдағы ақшалай өсім — 53,2%. Екінші және үшінші орындада Алматы (30,4 млрд теңге, 28,5% көбейген) және Қостанай (24,6 млрд теңге, 76,6% көбейген) облыстары.
Жалпы 2022 жылғы қаңтар–желтоқсанда сүт өнімдері өндірісінің көлемі 478,3 млрд теңгені құрап, бір жылда құндық мәнде 17,1% өскен.
Сүт өнімдерінің ішінде физикалық көлемде балмұздақ өндірісінің өсімі ең жоғары: 57,5%, 12,5 мың тоннаға дейін. Сары май өндірісі де айтарлықтай өсті: 26,9%, 9,3 мың тоннаға дейін. Өңделген сұйық сүт пен кілегей өндірісі 5,3%, 199,6 мың тоннаға, ірімшік пен сүзбе өндірісі — 0,4%, 12,5 мың тоннаға жетті.
2023 жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша, жергілікті компаниялар сүт өнімдеріне сұранысты 85% қамтамасыз етті, бұл өткен жылмен шамалас (85,8%). Импорт 8,2% өсіп, 26,4 мың тонна болды. Өнімдердің барлығы дерлік ішкі нарықта сатылды: 170,7 мың тонна — бір жыл бұрынғыдан 3,7% артық. Экспортқа небәрі 4,6 мың тонна, көрсеткіш бір жылда 32,6% азайды.
Өңделген сүт пен кілегей сегментінде компаниялар бір жыл бұрынғы 96,2%-бен салыстырғанда сұранысты 94,6% қамтамасыз етті. Импорт бір жылда 45,9% өсіп, 5,5 мың тоннаны құрады. Ішкі нарықтағы өнімді өткізу 7% артып, 101,8 мың тоннаны құрады. Сүт экспорты 73,4% азайып, небәрі 1 мың тонна болды.
Ал сарапшылар Қазақстан сүт өнеркәсібінде дағдарыс жүріп жатыр деп есептейді. Еліміз жыл сайын 700 млн АҚШ долларының өнімін импорттайды. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігі деңгейінде де талқылануда. Ведомство бұл мәселені жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы шешеміз десе, сарапшылар бұл қаражатты ресейлік және беларусь компанияларының баға демпингіне төтеп бере алмайтын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдауға жұмсаған дұрыс деп есептейді. Жалпы, алдағы екі жылда Ресей мен Беларусьтің өнеркәсібі қазақстандық ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай зиянын тигізеді деген алаңдаушылық бар.