Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы мәлімдеме жасады

1087

Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың (ЯҚТСШ) күшіне енуін құптайды, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі.  

Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы мәлімдеме жасады

2017 жылғы 7 шілдеде БҰҰ-ға мүше 122 мемлекеттің қолдауымен қабылданған шарт ядролық қаруды толық жою жолындағы маңызды қадам болып табылады.

Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсенал иесінен ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы көшбасшы елге айналған мемлекет ретінде ЯҚТСШ жобасы бойынша келіссөздер процесіне белсенді қатысты.

Қазақстанның ЯҚТСШ-ны қолдау шеңберіндегі дәйекті іс-қимылдары сыртқы саясатымыздың бұлжымас басымдықтарына және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құруға бағытталған маңызды тарихи бастамаларына негізделген.

Халықаралық құқықтық салада елеулі кемшілікті жоятын міндетті заңдық күші бар ядролық қарусыздану тарихындағы алғашқы көпжақты құжат Семей сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығында күшіне еніп отыр (жаппай қырып-жою қаруының үш түрінен – ядролық, химиялық және биологиялық - тек ядролық қаруға міндетті заңдық күші бар тыйым салынбаған).

Бұл оқиғалар 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар күнін мерекелеу шеңберінде дәстүрлі түрде өткізілетін "Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының" биылғы жылы жоспарланып отырған кезекті марапаттау рәсімімен тұспа-тұс келеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың полигонды жабу жөніндегі тарихи шешімі бүкіл әлем бойынша ядролық сынақтарға тыйым салуға серпін беріп, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТСШ) қабылдануына, сондай-ақ, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға алғышарт жасады.

Қазақстан толық және жаппай ядролық қарусыздану идеясының дәйекті жақтаушысы бола отырып, 2018 жылғы 2 наурызда ЯҚТСШ-ға қол қойған 57-ші мемлекет, ал 2019 жылғы 29 тамызда БҰҰ хатшылығына ратификациялау құжатын енгізген 26-шы мемлекет болды.

2019 жылғы 3 шілдеде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы" ҚР Заңына қол қойды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында тұңғыш рет Мемлекет басшысы ретінде сөйлеген сөзінде Президент Қ.Тоқаев ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу біздің еліміз үшін басты басымдық болып қала беретінін мәлімдеді.

"Бұл ұмтылыс бізге ядролық қаруды жою жолындағы жаһандық қозғалыстың алдыңғы шебінде болуға моральдық құқық бере отырып, қазақ халқының жалпыұлттық біртектілігінің ажырамас бөлігіне айналды", - деп мәлімдеді Президент.

2020 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында Қазақстан Президенті пандемия жағдайында ядролық қаруды таратпау және қарусыздану дағдарысы елеулі сын-тегеуріндердің қатарында қалып отырғанын, ал "ядролық қаруды таратпау режимінің эрозиясы бәрімізді осал әрі қауіпті жағдайға ұшыратқанын" ерекше атап өтті.

Осыған байланысты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ядролық қауіпсіздік және ядролық қарудан азат әлем үшін жаһандық көшбасшылар альянсын құру жөніндегі бастамасы аса өзекті болып қала береді.

Қазақстан ЯҚТСШ-ны әмбебаптандырудың маңыздылығын атай отырып, БҰҰ-ның 100-жылдығына, яғни 2045 жылға дейін планетамызды ядролық қарудан азат ету мақсатында мемлекеттерді шартқа қосылуға шақырады.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу