Айыппұл төлеймін десеңіз, әуежайда да мүмкіндік бар. Әсіресе шұғыл шетелге сапарлап бара жатқан борышкерге қарманатын амал бұл. Ем алуға асыққандар немесе саяхатқа шыққандар тексеріс кезінде кідіруге мәжбүр болушы еді ғой. Енді Қазақстанның төрт әуежайында "Қазпошта" терминалдары арқылы берешек төлеуге болады, деп хабарлайды 24.kz.
Астана мен Алматы, Шымкент пен Қарағандыда осындай терминалдар өз жұмысын бастады. Жеке сәйкестендіру нөміріңізді енгізу арқылы санаулы минуттарда салынған айып мөлшерін біле аласыз, әрі сол мезетте төлеуге болады. 15 минуттың ішінде берешектерді өтеу жөніндегі ақпарат базасына беріледі. Жарты сағаттың ішінде шекара асуды шектеген тосқауыл алынады. Бір қарағанда, қарапайым көрінгенімен, бұл – табан астында сыртқа шығуды жоспарлған борышкер жолаушы үшін тиімді қадам. ҚР заңнама талаптарына сәйкес терминал арқылы берешектерді төлеудің шекті мөлшері – 2 млн теңге.