Шағын көлемді кемелерге мемлекеттік бақылау күшейтілді

371

Жетісу облысында рейдтер барысында 42 және 22 әкімшілік хаттама рәсімделді.  

Шағын көлемді кемелерге мемлекеттік бақылау күшейтілді Фото: gov.kz

ТЖМ су айдындарында шағын көлемді кемелерге мемлекеттік бақылауды күшейтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа бақылау-қадағалау өкілеттіктерін іске асыру аясында еліміздің су айдындарында шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануға мемлекеттік бақылауды күшейтті.

Барлық өңірде судағы оқиғалардың алдын алу, кеме иелерінің жауапкершілігін арттыру және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Мемлекеттік инспекторлар кемелердің тіркеу құжаттарын, басқару құқығын растайтын куәліктерді, құтқару кеудешелерінің болуын, техникалық жай-күйін және қауіпсіздік қағидаларының сақталуын тексереді.

Министрлік құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық беріп, кеме иелері мен жалға алушыларға қауіпсіздік талаптары мен әкімшілік жауапкершілік жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар өңірлерде халықпен кездесулер, кәсіпкерлерге арналған көшпелі кеңестер ұйымдастырылып, шағын көлемді кеме иелеріне арналған ақпараттық брошюра әзірленді.

Бақылау іс-шаралары өңірлерде көліктік бақылау инспекциясы, көлік прокуратурасы, ішкі істер органдары және табиғатты қорғау полициясымен бірлесіп өткізілуде. Рейдтер барысында жылдамдық режимінің сақталуы, алкогольдік масаң күйде кеме басқаруға жол бермеу және тіркелмеген жүзу құралдарын пайдаланудың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Жетісу облысындағы Алакөл мен Балқаш көлдерінде жүргізілген рейдтер барысында шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 42, ал судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 22 әкімшілік хаттама толтырылды. Абай облысы мен Шымкент қаласында да күшейтілген рейдтік іс-шаралар жалғасуда.

ТЖМ азаматтарды шағын көлемді кемелерді заңнама талаптарына сәйкес пайдаланып, құтқару кеудешелерін киюге, қажетті құжаттарды өзімен бірге алып жүруге және қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу