Қазақстан арқылы Қытайдан Орталық Азия мен Еуропаға бағытталған темір жол құрамдары рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл туралы қытайлық ақпарат құралдары жазуда. Алашанькоу бекеті әкімшілігінің мәліметінше, өткен жылы сол аймақтан Орталық Азия мен Еуропаға бағыт алған 1 200-ден астам жүк құрамдары жүрді. Ал 2011-ші жылдан бастап осы күнге дейін шекарадан өткен вагондар саны 3 000-нан асты. 2017 жылдың төрт айында кері бағытта, яғни Қытайға 162 темір жол жүк құрамы жетіп, 3 млрд юань сомасында 43 мың тонна жүк тасымалданды. Негізінен Еуропадан Қытайға құрғақ сүт, балалар тағамы, ІТ-технология, көлік бөлшектері, сондай-ақ инженерлік және медициналық жабдықтар жеткізілді. Ал, Қытайдан Еуропаға бағыт алған поездардың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Еліміз ұсынған мүмкіндігі мол дәліздің арқасында тауар айнламы Еуропа мен Азия арасында бірнеше есе өсіп отыр.
Кай Мюккянен, Финляндия Республикасының сыртқы сауда және даму жөніндегі министрі: "Финляндия мемлекеті үшін Қазақстан арқылы Қытайға тауар жөнелту өте маңызды. Мысалы біз целлюлозаны діттеген жерге 8 күнде жеткіздік. Сөйтіп, осы қыста біздің экспорт көлемі 50 пайызға артты. Бұл әрине Қазақстан ұсынған транзиттік дәліздің арқасында жүзеге асты."