Қазақстанның Тұрақты өкілі БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінің басшылығымен кездесулер өткізді

1024

Кездесулерге қатысушылар 2022 жылдың қаңтар айының басындағы еліміздің түрлі өңірлеріндегі оқиғалардың барысы туралы хабардар етілді. 

Қазақстанның Тұрақты өкілі БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінің басшылығымен кездесулер өткізді

Женевадағы Қазақстан Республикасының БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының орынбасары Нада Әл-Нашиф, сондай-ақ БҰҰ-ның Бейбіт жиналыстар мен қауымдастықтар бостандығы құқықтары туралы Арнайы баяндамашысы Клемент Вул, БҰҰ-ның Терроризмге қарсы күрестегі адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын көтермелеу және қорғау жөніндегі Арнайы баяндамашысы Фионнуала Ни Аолаин және БҰҰ-ның Құқық қорғаушылардың жағдайы бойынша Арнайы баяндамашысы Мэри Лоулермен бөлек кездесулерді өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесулерге қатысушылар 2022 жылдың қаңтар айының басындағы еліміздің түрлі өңірлеріндегі оқиғалардың барысы туралы хабардар етілді. Сондай-ақ БҰҰ сарапшыларына болған оқиғалардың себептері мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елдегі қалыпты тіршілікті қалпына келтіру бойынша мемлекет қабылдаған шаралар туралы ақпарат ұсынылды.

Сонымен қатар Қазақстан өз Конституциясының, заңдарының және адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін ұстанатыны жөнінде ерекше атап өтілді.

БҰҰ сарапшылары ұсынылған ақпарат үшін алғыс айтып, бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер мен қаза тапқандардың саны туралы, сондай-ақ барлық ұсталған адамдардың құқықтық көмекке жүгіну мүмкіндігі туралы деректерді алуға қызығушылық білдірді.

Тұрақты өкілдік қазіргі уақытта ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша арнайы комиссия оқиғалар барысында жасалған қылмыстар мен зорлық-зомбылық актілеріне тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Осыған байланысты жүргізіліп жатқан тергеудің нәтижелері дайын болуына қарай халықаралық қоғамдастыққа ұсынылатыны және ұсталған барлық адамдардың білікті заң көмегін алуға ықпал ететін конституциялық құқығына кепілдік берілетіні жөнінде атап өтілді.

Қорытындылай келе, қазақстандық тарап арнайы баяндамашыларға қажетті мәселелер бойынша ақпаратты тұрақты түрде ұсынып отыратындығы туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Тараптар тікелей және сындарлы диалогты одан әрі жалғастыруға мүдделі екенін білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу