Аталған тұжырымдама Астанада өтетін Travel Media Talks форумы барысында таныстырылады, деп хабарлайды silteme.kz.
Ақпарат көзінің дерегінше, 7-желтоқсанда Астанада алғашқы тұжырымдамалық форум өтеді. Бұл шарада Travel Media Talks, яғни отандық туризм индустриясын дамыту тетіктері қарастырылады.
Жобаның мақсаты – Қазақстанда туризм саласының қалыптасуына әсер ететін ерекшеліктерін талқылау. Сондай-ақ цифрлану бағытында дамып жатқан әлем көшінен қалмау үшін қандай қадамдар қажет екенін анықтау.
Шара барысында тұңғыш рет еліміздің туристік брендінің тұжырымдамасы таныстырылады. Сонымен қатар бұл құжатты медиа-индустрия және маркетинг саласында пайдалану мүмкіндіктері сөз болады.
Бір күн ішінде туризм және медиа саласындағы 6 елдің сарапшылары өз идеяларымен бөліседі. Бұл форумға қазақстандық сарапшылары мен Үндістан, Ресей, Украина, Беларусь, Қырғызстаннан келген қонақтары қатысады.
Шараға салалық мемлекеттік ведомстволардың қызметкерлері, кәсіпкерлер, туроператорлар, қауымдастықтар мен агенттіктердің және БАҚ өкілдері, блогерлер, қоғам белсенділері мен т.б. қатысатынын да атап өткен жөн.
Бұл жоба барысында пікірталастар және TED Talks сынды әлемдік тәжірибеде жиі қолданылатын формат сахнаға шығып сөйлеуге де мүмкіндік беріледі. Яғни, әр спикерге белгілі уақыт беріліп, ол өзінің идеясын, не баяндамасын ұсынады. Шеберлік сағаттары да өтеді.
Форумның тақырыбы – "Жаһандық цифрландыру дәуіріндегі туризм: жаңа ұрпаққа бағдар". Шара бағдарламасын бойынша панельдік пікірталастар мен шеберлік сағаттары өтіп, сондай-ақ жаһандық трендтер мен болашақта туризмнің қалай дамитынына қатысты болжамдар жайлы эксклюзив бейнематериалдар таныстырылады.