Қазақстанның ұлттық парктеріне былтыр 3,7 млн турист келген

Мұндай статистикалық дерек Үкімет отырысында айтылды.  

Қазақстанның ұлттық парктеріне былтыр 3,7 млн турист келген Фото: inbusiness.kz

Жиында Экология және табиғи ресурстар министрі елдің табиғи аумақтарына шетелдік қонақтардың қызығушылығы артып келе жатқанын сөз етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, 2024 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға 2,8 млн адам келген, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,7 млн адамға жетті. Осылайша, өсім 900 мыңға жуық келушіні құрап отыр. Бүгінгі күні негізгі әлеует ұлттық саябақтарда шоғырланған, олардың аумағында 179 туристік маршрут және 42 экологиялық соқпақ бар. 

Мұнан басқа, Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" бастамасын жүзеге асыру шеңберінде өңірлерде қалдықтармен дұрыс жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған "Таза туризм" бағдарламасы жүргізіліп жатыр. Шарын және Көлсай көлдері Ұлттық парктерінде сәтті сынақтан өткеннен кейін жоба Іле-Алатау, Алтынемел, Қарқаралы, Сайрам-Өгем, Көкшетау, Баянауыл және Бурабайда кеңейтілген. 

– Бағдарлама аясында қалдықтарды бөлек жинауға арналған 179 контейнер мен 81 урна қойылды, 170 ақпараттық баннер орналастырылды және 7 фандомат орнатылды. Сондай-ақ, келушілерге ұлттық саябақтардың аумағынан қоқыстарды өз бетінше жинауға және шығаруға арналған биологиялық ыдырайтын пакеттер беріледі. Биыл бұл бағдарламаны жүзеге асыру Катонқарағай, Бұйратау, Ұлытау, Жоңғар Алатауы және Тарбағатай ұлттық парктерінде жалғасуда, – деді Ерлан Нысанбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу