WSIS Prizes-2017 чемпиондарын марпаттау Швейцарияның Женева қаласында ақпараттық қоғам мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі дүниежүзілік кездесу форумы шеңберінде WSIS Prizes-2017 халықаралық байқауының жеңімпаздары мен чемпиондарын марапаттау салтанаты өтті. Бұл туралы "Ұлттық ақпараттық технология" АҚ баспасөз қызметі хабарлайды.
Қазақстанның үш жобасы – Электрондық үкімет, Ашық үкімет және 1414 Бірыңғай байланыс орталығы осы байқаудың чемпиондары атанды. WSIS Prizes-2017 беделді байқауына әлемнің әртүрлі елдерінен 345 жоба қатысып, дауыс беру мен әділқазылар алқасының сарапшылық бағасының қорытындысы бойынша 90 жоба өз санаттарынының үздік бестіктер қатарына ілікті.
Халықаралық байқау 18 санат бойынша өткізілді. "Электрондық үкімет" санатында Қазақстанның электрондық үкіметі (eGov.kz) және Қазақстанның ашық үкіметі (Open.egov.kz), "Мемлекеттік басқару органдары мен мүдделі тараптардың дамыту мақсатымен инфокоммуникациялық технологияларды қолданудағы рөлі" атты санатында "1414 бірыңғай байланыс орталығы" жобалары қатысты.
WSIS - ақпараттық қоғам мәселелері бойынша жоғары деңгейлі дүниежүзілік кездесу форумы – инфокоммуникациялық технологиялар саласындағы ірі шаралардың бірі, күллі әлем бойынша ықпалды IT-сарапшылары диалог жүргізетін алаңы. Жан-жақты өткізілетін кездесуге мемлекеттік басқару органдарының, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жекеше сектор мен азаматтық қоғамның өкілдері қатысады. Форумның басты мақсаты – әрбір азамат ақпарат жасап, деректермен еркін алмаса алатын әрі барлығына қолжетімді ашық ақпараттық қоғам құрудағы басты мақсаттарды анықтау болып табылады.