Комитет мүшелері аға жаттықтырушы міндетін уақытша атқаратын мамандарды таңдаған кезде ұлттық құрамаға шақырылуы мүмкін футболшылардың қай клубта ойнайтынын да назарға алған.
Дауыс беру нәтижесінде 2011 жылы туған ойыншылардан құралған Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы міндетін уақытша атқару Есімбек Нұрахметовке жүктелді.
Ал 2012 жылғы футболшылар құрамасын Жағыппар Ануар уақытша басқарады. Екі команданың бапкерлер құрамына тәжірибелі мамандар ассистент әрі тәлімгер ретінде қосылады. Жасөспірімдер құрамаларын алдағы уақытта халықаралық екі турнир күтіп тұр.
2012 жылы туған ойыншылардан құралған команда 14–19 қыркүйекте Сербияда өтетін УЕФА Даму турнирінде Түркия, Ресей және Сербия құрамаларымен кездеседі.
Ал U-16 құрамасы 7–11 қазанда Грузияның Батуми қаласында өтетін халықаралық турнирге қатысады.
Қазақстанның U-15 және U-16 құрамаларының тұрақты аға жаттықтырушыларына қатысты соңғы шешім 2027 жылдың басында қабылданады.
Бұл ретте командалардың нәтижесі, ойын сапасы және футболшылардың жеке даму көрсеткіштері басты назарға алынбақ.