Қазақстанның ЖОО-лары кейбір мамандықтарға қабылдауды жаба бастады

443

Заңгер, экономист және менеджерлер санының көптігіне байланысты гранттар басқа бағыттарға бөлінетін болады.  

Қазақстанның ЖОО-лары кейбір мамандықтарға қабылдауды жаба бастады Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда 2029 жылға дейін жоғары оқу орындарындағы кейбір білім беру бағдарламаларын кезең-кезеңімен жабу жоспарланып отыр. Билік бұл бағыттар бойынша түлектер саны шамадан тыс көбейгенін алға тартып отыр.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті inbusiness.kz сайты тілшісінің сауалына берген жауабында айтылған.

Мәселе жалпы бейіндегі жаппай мамандықтарға қатысты болып отыр. Министрліктің мәліметінше, еңбек нарығында заңтану, қаржы, экономика, менеджмент, маркетинг, мемлекеттік және жергілікті басқару, аударма ісі, шетел тілдері, ақпараттық жүйелер, есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыз ету, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт бағыттары бойынша артық ұсыныс байқалады.

Ведомство мұндай шешім жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын талдау, оларды жаңа мамандықтар атласымен және өңірлік кадр қажеттілігі болжамдарымен салыстыру нәтижесінде қабылданғанын атап өтті. Бұған қоса 2026 жылғы наурызда enbek.kz платформасында жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізіліп, оған еліміздің әр өңірінен 73 мыңнан астам кәсіпорын қатысқан.

Сонымен бірге министрліктің хабарлауынша, бұл бастама факультеттердің жаппай жабылуын немесе оқытушылардың жұмыстан босатылуын білдірмейді. Билік негізінен жекелеген бағдарламалар бойынша жаңа қабылдауды тоқтатып, оларды біртіндеп жаңғыртуды көздеп отыр.

"Білім беру бағдарламаларын жабу 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, бұл ретте студенттердің оқуын аяқтауы ескеріледі. ЖОО-лардың басты міндеті – студенттер контингентін жоғалтпау, сұранысты жаңартылған бағдарламаларға көшіру. Бағдарламалардың жабылуы оқытушыларды немесе әкімшілік қызметкерлерді автоматты түрде қысқартуды білдірмейді. Көп жағдайда жаңа қабылдауды тоқтату, бағдарламаларды үлкейту, оларды жаңартылған форматқа көшіру немесе сұранысы жоғары бағыттармен алмастыру көзделеді", – деп хабарлады ведомство.

Ескірген бағыттардың орнына цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, деректерді талдау, жобалық оқыту және кәсіпкерлікке қатысты бағдарламаларды белсенді түрде дамыту жоспарланып отырғаны айтылды. Оқытушылар үшін қайта даярлау және біліктілікті арттыру шаралары ұйымдастырылмақ.

Сондай-ақ, оқытушыларды жаңа білім беру өнімдерін – микробіліктіліктерді, сертификаттық курстарды және қосымша білім беру бағдарламаларын әзірлеуге белсенді тарту көзделуде. Министрліктің дерегінше, бұл кадрларды жаппай қысқартусыз жүйені қайта құруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, мемлекеттік гранттарды бөлу еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне көбірек сәйкестендірілмек. Басымдық техникалық және IT бағыттарына біртіндеп ауыстырылады.

Министрлік бұл өзгерістер еңбек нарығының жедел жаңаруымен байланысты екенін атап өтті. Қазақстанның барлық өңірі бойынша жаңа мамандықтар атластарында қазірдің өзінде 1000-нан астам жаңа және 400-ге жуық өзгеріске ұшырап жатқан мамандық қамтылған. Тағы 300-ден астам мамандық автоматтандыру мен цифрландыру әсерінен жойылу немесе айтарлықтай өзгеріске ұшырау қаупінде тұр.

Ведомство дерегінше, жұмыс талдау кезеңінен практикалық іске асыруға көшкен. Қазір отандық жоғары оқу орындары салалық атластар негізінде 1700-ден астам білім беру бағдарламасын, сондай-ақ өңірлік бағыттар бойынша тағы 66 бағдарламаны әзірлеп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу