Бұл маңызды оқиға өңірлік медицинаның дамуына серпін беріп, тұрғындарға еліміздің ірі қалаларына бармай-ақ жоғары технологиялық кардиохирургиялық көмек алуға мүмкіндік туғызды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі жолдауына сәйкес келеді және ең алдымен азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Жоба "Өркендеу Ассистанс" ЖШС бастамасымен және "Қазақмыс" корпорациясының қаржылық қолдауымен Ұлытау облысының тұрғындарына кешенді кардиологиялық көмек көрсету бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Осы тектес операцияларды жасау үшін "Жезқазған медициналық орталығы" ЖШС жан сақтау бөлімшесі қайта жабдықталып, 650 млн теңгеге қажетті жабдық сатып алынды.
"Бұл қадамдардың барлығы өңірде кардиологиялық көмекті дамытуға бағытталған бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Бағдарлама Ұлытау өңірі тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтауды басты мақсат ете отырып, аурудың алдын алу, ерте диагностикалау және жоғары технологиялық емшараларды қамтиды", – деп атап өтті "Өркендеу Ассистанс" ЖШС директоры Айгүл Боранбаева.
Ота "Жезқазған медициналық орталығы" ЖШС базасында өтті. Бұл – "Өркендеу Ассистанс" ЖШС басқаруындағы, Қазақстанның жетекші медициналық орталықтарының ондығына кіретін Ұлытау облысындағы ірі жеке меншік медициналық мекеме. Жезқазған қаласының тұрғындары – 60 жастағы әйел адам мен 52 жастағы ер адамға отаны медицина ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, "Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы" АҚ басқарма төрағасы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас кардиохирургі, профессор Юрий Пя жасады. Юрий Пя кардиохирургия саласы бойынша әлемдік деңгейде мойындалған білікті маман. Ол жылдар бойы жүрекке жасалатын операцияларды әлемге үлгі етіп көрсететін деңгейде абыроймен атқарып келеді.
"Облыс үшін бұл медицина саласында жасалған үлкен қадам, себебі бұған дейін аортокоронарлық шунттау отасы қажет болған науқастардың барлығы Астана мен облыс орталықтарына баруға мәжбүр еді. Бұл қадам өңірімізде кардиохирургияны дамытуға және уақыт өте келе науқастарға толыққанды көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің UMC-мен ынтымақтастығымыз жалғасады, Астана қаласындағы әріптестеріміз Жезқазғанға науқастарды емдеу және мамандарымызды оқыту үшін келуді жоспарлап отыр", – деді "Жезқазған медициналық орталығы" ЖШС директоры Дәурен Аманқұлов.
Орталық заманауи инфрақұрылыммен, жоғары дәлдіктегі жабдықтармен жабдықталған. Мұнда емделушілерге кәсіби біліктілігі жоғары медициналық персонал қызмет көрсетеді. Мекеме өңірдегі жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге (ЖТМК) рұқсат беретін Ұлттық аккредитацияның жоғары санатына ие жалғыз ұйым болып саналады.
Операцияларды сәтті өткізгеннен кейін Юрий Пя осындай тәжірибелер арқылы өңірлердегі кардиохирургиялық қызметті дамыту маңызды екенін атап өтті.
"Географиялық тұрғыдан Жезқазған мен Ұлытау облысы Қазақстанның жүрегінде орналасқан, тарихы және стратегиялық даму тұрғысынан да өте маңызды орынға ие. Қазір өңірде 220 мыңнан астам адам тұрады, сондықтан кардиология мен кардиохирургияны дамыту облыс үшін ауадай қажет. 25 жыл бұрын салынған "Жезқазған" медициналық орталығы барлық халықаралық медициналық стандарттар бойынша жұмыс істейді. Біздің жүрек орталығында басты назар науқасқа аударылады. Сондықтан науқас медицинаға емес, медицина науқасқа жақындауы керек. Жоғары білікті медициналық көмек адамға неғұрлым жақын болса – Қазақстан соғұрлым дамиды", – деді Юрий Пя.
Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас кардиохирургі өз сөзінде командасымен бірге алдағы уақытта да Ұлытауға ота жасауға және әріптестерін оқытуға келуді жоспарлап отырғанын айтты. Ол бастамаларды Астанада ғана емес, өңірлерде де дамыту "Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы" АҚ-ның міндеті екенін атап өтті. Себебі бұл – өз әдістемелері мен технологияларын бүкіл елге таратуға арналған мемлекеттік мекеме.