"Қазақтелеком" директорлар кеңесі 33,4 млрд теңге дивиденд төлеуді ұсынды

Дивидендтер мөлшері бір жай акцияға 3 038,36 теңгені құрайды. 

"Қазақтелеком" директорлар кеңесі 33,4 млрд теңге дивиденд төлеуді ұсынды Фото: Profit.kz

"Қазақтелеком" АҚ директорлар кеңесі 2022 жылға дивидендтер төлеуге 33,4 млрд теңге бөлуді ұсынды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасы алаңындағы Эмитент күні аясындағы онлайн брифингте "Қазақтелеком" АҚ қаржы директоры Людмила Атамұратова мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"21 сәуірде "Қазақтелеком" АҚ директорлар кеңесі дивидендтік саясатқа сәйкес шешім қабылдады, ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер мөлшері бір жай акцияға шаққанда 3 038,36 теңгені құрады. Оның жалпы сома 33,4 млрд теңге. Бұл барлық акцияларға, соның ішінде жай акциялар мен артықшылығы бар акциялар бойынша", - деді Атамұратова KASE-алаңында.

Дивидендтердің ұсынылған мөлшері 30 мамырда акционерлердің жалпы жиналысында бекітіледі.

Еске сала кетсек, "Қазақтелеком" 2022 жылы 128,753 млрд теңге таза пайда тапты, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 32,1%-ға артық.

2022 жылы дивидендтерге 2021 жылға 39,511 млрд теңге немесе бір жай акцияға 3 590 теңге бөлінді. 2020 жылы компания 19,048 млрд теңге көлемінде дивиденд төледі.

"Қазақтелеком" жергілікті телекоммуникация нарығында басымдыққа ие акционерлік қоғам. Компания Kcell ұялы байланыс операторының 51% акциясына, сондай-ақ "Мобайл Телеком Сервис" ЖШС (МТС) 100% акциясына ие.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу