Қазақтың өнертапқыш қыздары Сан-Францискода өткен халықаралық "Техновейшн" байқауында топ жарды, деп хабарлайды 24.kz.
Оқушылар ұсынған "Қамқор" атты мобильді қосымша жасырын көмек сұрағысы келген әрбір адамға таптырмас құрал. Бағдарламаны қолданушылар өзінің орналасқан жері туралы шұғыл хабарламаны құпия түрде жолдай алады. Бұл әсіресе қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектерге пайдалы дейді жоба авторлары.
EXPO халықаралық мамандандырылған көрмесіне келген бұл қыздар бір қарағанда өз қатарластарынан еш ерекшеленбейді. Алайда 2 апта бұрын мұхит асқан жас бағдарламашылар халықаралық "Техновейшн" байқауына өз әлеуметтік идеяларын ұсынып, бас жүлдемен оралғанын бірі білсе, бірі білмес.
15-18 жас аралығындағы оқушы қыздарға арналған сайыста қазақстандық команда мамыр айында іріктеуден өтіп, Сан-Францискодағы жартылай финалға жолдама алады. Калифорния штатында 137 ұжым қатысқан кезеңнен сәтті өтіп, финалда "Қамқор" жобасымен жеңімпаз атанды. Смартфонға арналған бұл қосымша гугл картасы арқылы жұмыс істейді. Құрылғының блютуз жүйесін іске қосып, бір ғана батырманы басып қана қолданушы өзінің орналасқан жері туралы ақпаратты айналасындағы жандардан жасырын түрде жақынына жолдай алады.