Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Ысмағұлов дүние салды

275

Ғалымның өмірден озғанын Ұлттық музейдің директоры Берік Әбдіғалиұлы естіртті.

Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Ысмағұлов дүние салды Фото: Артем Чурсинов

Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Бас ғылыми қызметкері, қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов дүниеден өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазақ ғылымы орны толмас қазаға ұшырады. Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Бас ғылыми қызметкері, қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов дүниеден өтті. Ол бүкіл ғұмырын қазақ халқының антропологиялық тарихын, этногенезі мен тарихи сабақтастығын зерттеуге арнап, Қазақстанда антропология ғылымының негізін қалады. Ғалымның іргелі зерттеулері мен ғылыми еңбектері ұлттық тарихымызды терең тануға өлшеусіз үлес қосты. Ол бірнеше буын зерттеушілерге жол көрсеткен ұлағатты ұстаз, отандық ғылымның көрнекті өкілі болды", – деп жазған Берік Әбдіғалиұлы әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Естеріңізге сала кетейік, Оразақ Смағұлұлы 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында туған. Ол  қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, отандық антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы (1984), профессор, ҚР ҰҒА академигі (2003), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1998).

Еңбек жолын 1956 жылы орта мектеп мұғалімі ретінде бастаған. 1957 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына (бұрынғы Тарих, археология және этнография институты) орналасып, сол кезеңде Алматы медициналық институтында стажер болды. 1958 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің антропология ғылыми-зерттеу институты мен мұражайында еңбек етті.

Ғалым 30-дан астам экспедицияны ұйымдастырып, басқарған.  Олардың қатарында Үндістан-Кеңес (1974-1975), Қазақ-Моңғол (1991-1992) және Қазақ-Италия (1993-1994, 2002-2004) антропологиялық экспедициялары бар. Сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанның биік таулы аймақтарындағы халықтың бейімделуі мен этномәдени үдерістерді байланыстыра зерттеген халықаралық жобаға жетекшілік етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу