Нұрсұлтан Назарбаев Ұзақбай Қарамановтың қайтыс болуына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Жеделхатта Қазақстан президентінің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың дүниеден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.
"Ұзақбай Қараманұлы бүкіл ғұмырын халқы мен туған елінің өсіп-өркендеуіне арнады. Ол өзінің зор ұйымдастырушылық қабілеті мен қоғамдағы беделінің арқасында көптеген жоғары лауазымды мемлекеттік қызметте болып, өзіне жүктелген міндеттердің барлығын абыроймен атқара білді", – делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы қазақстандықтар оның есімі мен ел алдындағы еңбегін әрдайым есте сақтайтынын атап өтті.