Қазақ киносы жинақ түрінде еуропалық нарыққа жол тартты, деп хабарлайды abctv.kz.
"Қазақфильм" студиясы өткен ғасырдан бері түсірген жүз елуден астам отандық кинокартина ТМД мен Шығыс Еуропаның ірі видеосервисінің каталогына еніп отыр.
Бүгін "Қазақфильм" өткізген баспасөз конференциясында киностудия өндірген картиналардың MEGOGO-ге шығарылатыны жария етілді. 1 қыркүйектен бастап, қазақстандық фильмдер каталогы бүкіл әлемге қолжетімді болады.
"MEGOGO-ның контент саясатының бір бағыты – жергілікті өндірілген фильмдердің көрсетілімі болып табылады. Бұған әлеуметтік сұраныс бар және мәдени маңызы да жоғары. Қазақстандық фильмдер әлемдік деңгейде мойындауға лайықты. Бізде көрсететін дүниелер жетерлік. Егер барлық фильм шетелдік кинотеатрларда көрсетілмесе, оларға жинақталған каталог түрінде көрермен онлайн түрде қол жеткізе алады. Оның үстіне, каталог ХХ ғасырдың шедеврлеріне толы", – деді видеосервистің Орталық Азиядағы кеңсесінің бас директоры Нұрлан Чукубаев.
Қазіргі уақытта "Қазақфильм" АҚ-ның онлайн-кинотеатрға ұсынған ұлттық киномұрағатында 150 фильм бар. Оның ішінде 148 көркем фильм, 1 деректі фильм ("Мәдени мұра" атты 10 сериялық цикл), 1 сериал ("Астана – махаббатым менің" көп сериялы фильмі) бар.
Картиналар платформасы арқылы жаһан жұртшылығы енді қазақ киносының алтын қорына енген "Менің атым Қожа", "Қыз-жігіт", "Біздің сүйікті дәрігер", "Тақиялы періште", "Көксерек", "Қыз Жібек" және басқа да көптеген фильмдерді орыс және қазақ тілдерінде тамашалай алады.
Осы орайда киностудия мен MEGOGO видеосервисінің арасында келісімшарт бекітілді, оған сәйкес қазақстандық контентті пайдалану ақылы болады. Құжат бойынша "Қазақфильмнің" контентін орналастыру сыртында, MEGOGO видеосервисінде киностудияның жобаларына ақпараттық қолдау көрсетіледі, сондай-ақ ол осы видеоконтентті лицензиясыз қолдануға қарсы күресті қамтамасыз етеді.
"Киностудия өндірген фильмдерге интернет желісінде сұраныс бар. Осыған көз жеткізген соң біз аталған видеосервиске контентімізді шығарып отырмыз. Фильмдер қазақ және орыс тілдерінде беріледі. Бұл жобаның іске асуы қазақ киносын насихаттауда маңызы зор деп білеміз", – деп түсініктеме берді "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Айнұр Исаева.
MEGOGO-ның бір айдағы аудиториясы 40 млн пайдаланушы құрайды. Ресурс каталогында 77 000 бейнежазбабар: оның 5000-ы көркем фильм және сериал, сондай-ақ 1500-ден астам мультфильм, шамамен 45 000 телевизиялық шоу, концерттер мен музыкалық видеороликтер орналастырылған.
Кезінде заңды түрде фильм көрсетуші веб-кинотеатр моделінен бастаған MEGOGO сегіз жыл ішінде кез келген құрылғыда тапсырыс бойынша бейнежазбаны көрсету, телевизиялық арналарды қолжетімді ету қызметтерін ұсынатын OTT-платформаға айналды. Оның 40 миллиондық веб-аудиториясы сыртында смартфондар мен планшеттер секілді ұялы құрылғылар бойынша және SmartTV-дегі пайдаланушылары бар. Жалпы алғанда, оның қызметтерін жылына 850 миллион пайдаланушы тұтынады.