Қазақы тазылардың көрмесі өтті

351

Ақтөбедегі көрмеге 100-ге тарта тазы қатыстырылды.  

Қазақы тазылардың көрмесі өтті Фото: gov.kz

Тазы баптаушылар өңірдің түкпір-түкпірінен келді, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Былтыр Мемлекет басшысы Президент іс басқармасына тазы мен төбетті қорғау мәселесін қолға алуды тапсырған болатын. Президент тапсырмасын орындау аясында Ақтөбедегі ипподромда қазақы тазылардың көрмесі өтті.

Ақтөбе облыстық "Құмай тазы" федерациясының вице-президенті Жасұлан Жақсылықовтың айтуынша, қазақы тазыларды сақтап қалу үшін бірқатар шара өткізіліп келеді.

"Былтыр күзде аңшылармен бірігіп, "Салбурын" ұйымдастырдық. Жалпы, республика бойынша Ақтөбе өңірі тазы баптау жағынан алдыңғы қатарда. Тазы ұстаушылар мен тазылардың саны көбейіп келеді", – дейді Жасұлан Жақсылықов.

Көрмеге Астана, Алматы қалаларынан арнайы кинология саласынан сарапшылар шақырылған. Мамандар тазылардың дене бітімін, аяқ сүйектерін, тісін, тырнағын байқап, қандарының тазалығына назар аударды. Барлық талапқа сай келгендері арнайы құжатқа ие болды. Құжат тазылардың FCI Халықаралық кинология федерациясының тіркеу кітабына енуінен бөлек, халықаралық иттер көрмесіне қатысуына мүмкіндік береді. Көрмеге қатысқан 80 иттің 50-і "жақсы" деген баға алды.

"Көрмеге қатысқан тазылардың бәрін сарапшылар жоғары бағалады. Біздің клуб қазақы тазы тұқымын халықаралық деңгейде танытуды көздейді", - дейді кинологиялық клуб жетекшісі Роза Доленко.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу