Қазалы ауданында 120 отбасы баспаналы болды

366

Баспана кімдерге берілді?

Қазалы ауданында 120 отбасы баспаналы болды Фото: Қызылорда облыс әкімдігінен

Бүгін Қазалы ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар үшін сатып алынған 120 пәтерлі 60 тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстады.

Рәсімге Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Аймақ басшысы жаңа пәтерге қоныстанушыларды құттықтап, өңірдің құрылыс саласының жетістіктеріне тоқталды.

"Сыр өңірінде барлық саладағы бастамалардан, қолға алынған жобалардан, олардың іске асу қарқынынан Президентіміздің, Үкіметтің қолдауын анық көруге болады. Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Бүгінде "Акса Энерджи" түрік компаниясы құрылысқа 115 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Орталық келер жылы қыркүйек айында ел игілігіне табысталады. Мемлекет басшысының қолдауымен аймағымыздағы құрылыс қарқыны артып келеді. Облыс, аудан орталықтарында ғана емес, ауылдарда да сәулетті ғимараттар, түзу көшелер, нақтылай айтсақ, 123 млрд 400 млн теңгеге 81 әлеуметтік нысан бой көтеруде, 58 млрд 900 млн теңгеге 332 мың шаршы метр, 452 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілді", – дейді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Туған жердің өсіп-өркендеуіне жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар үлес қосып, демеушілер есебінен 50 млрд теңгенің жобалары қолға алынды.

"Қазалы ауданында да тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен талап-тілектері ескеріліп, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы ауданның 95 жылдығы қарсаңында әлеуметтік осал топтар үшін салынған  баспаналар кілтін 50 отбасыға табыстаған болатынбыз. Биыл да осы үлгілі үрдіс жалғасын тапты. Ауданның ажарын айшықтайтын, тұрғындарды баспана бақытына кенелтетін бұл үйлер инженерлік инфрақұрылым желілерімен толықтай қамтылған. Жаңа қоныс құтты болсын, қуаныш пен шаттық ұялаған шаңыраққа айналсын!", – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Іс-шарада құрылысты салған мердігер мекеме мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы және Сырдария аудандарының Құрметті азаматы, "Құрмет" орденінің иегері Айтбай Көшербаев батасын берді.

Рәсімнен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, жиналған жұртшылықтың ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу