Бұл туралы Қазақстан қор биржасы (KASE) басқарма төрағасының орынбасары Наталья Хорошевская онлайн брифингте мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.
Айтуынша, он айдың қорытындысы бойынша акция секторы төмендеген, ал корпоративтік борыш нарығы мен мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы айтарлықтай өсім көрсеткен.
"2022 жылдың қазан айында акциялар бойынша сауда көлемі 13,3 млрд теңгені құрады, бұл қыркүйекпен салыстырғанда 11,3%-ға төмен. Барлық сауда көлемі қайталама нарықта жүргізілді. Сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 666,7 млн теңгені, мәмілелердің орташа күндік саны – 1 446, бір мәміленің орташа көлемі – 461,1 мың теңгені құрады", – деді спикер.
Қазан айында қор нарығын капиталдандыру 2,1%-ға төмендеп, 22,3 трлн теңгені құрады. Сонымен қатар биржа листингіне 103 эмитенттің акциялары шықты. KASE-де номиналды құны бойынша саудаланған мемлекеттік қарыздың көлемі 1,2%-ға немесе 235,1 млрд теңгеге ұлғайып, 19,8 трлн теңгеге ($42,3 млрд) бағаланды.
Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында сауда көлемі 44,1%-ға өсіп, 101,5 млрд теңгені құрады. Оның 9,5 млрд теңгесін екі облыс әкімдігі, 322,4 млрд теңгесін Қаржы министрлігі тартқан.
Саудаланған корпоративтік қарыз көлемі 2,8%-ға азайып, 15 трлн теңгеге жетті. 2022 жылдың қазан айының соңындағы жағдай бойынша KASE сауда тізімдерінде 83 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 343 шығарылымы болды.