Қазан айының үздік спортшысына дауыс беру басталды

1821

 Қазан айының үздік спортшыларына дауыс беру 9 қараша күні сағат 13:00-де аяқталады. 

Қазан айының үздік спортшысына дауыс беру басталды

Қазан айы Қазақстан спортшылары үшін ірі жеңістерге толы болды. Отандық атлеттер әлемдік турнирлерде жеңіс тұғырынан көрініп, жанкүйер қуанышын еселей түсті. Olympic.kz айдың үздік спортшысын анықтауға арналған кезекті сауалнаманы жариялады.

Ғұсман Қырғызбаев, дзюдо Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен дзюдодан лицензиялық Grand Slam турнирінде қазақтың көк туы көкке көтеріліп, жарыстың алғашқы күні алтын қоржынға түсті. 60 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Ғұсман Қырғызбаев қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді. Ол финалда тәжірбелі франциялық қарсыласын "ваззари" ұпайымен жеңген болатын. Осы орайда, Ғұсманның Әбу-Дабидегі турнирде алтын алған алғашқы қазақ дзюдошысы екенін айта кеткен жөн. Бұған дейін аталған Grand Slam турниріндегі жеңіс қазақ дзюдошыларына бұйырмаған еді. 

Элизабет Тұрсынбаева, мәнерлеп сырғанау Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан мақтанышына айналған Элизабет Тұрсынбаева жаңа маусымды сәтті бастады. Қытайда өткен "Шанхай Трофи" турнирінде ол ресейлік Евгения Медведеваға жол беріп, күміс жүлдегер атанды. Элизабет қысқа бағдарламада 69.24, еркін бағдарламада 116.85 ұпай жинаған. Былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері биыл да әлемдік турнирлердің жүлдесіне таласатынын айқын аңғартты. 

Милана Сафронова, әйелдер боксы Ресейдің Улан-Удэ қаласында өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты Қазақстан командасы үшін екі медальмен аяқталды. Соның бірін 64 келіде жұдырықтасқан Милана Сафронова ұтып алған болатын. Милана өз салмағында әлемдегі үздік боксшылар қатарына еніп, жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Дина Исламбекова, әйелдер боксы Ресейдегі әлем біріншілігінде көзге түскен талантты боксшылардың бірі. Жастар құрамасынан жақында ғана ауысқан Дина ересектер арасында бәсекеге қабілетті екенін байқатып, өзі қатысқан алғашқы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып отыр. Бапкерлер қауымы аса ауыр салмақта жұдырықтасатын Динаның болашағына үлкен үмітпен қарап отыр.

Андрей Чугай, тректегі велоспорт Қазақстандық велошабандоздар қазан айында жанкүйерлерді ерекше қуантты. Тректегі велоспорттан Сеулде өткен Азия чемпионатында біздің команда жалпы есебі 16 медаль жеңіп алды. Олардың арасында "гид" бағдарламасы бойынша чемпион атанған Андрей Чугай бар. Ол 1 шақырымды 1:01.639 секундта жүріп өтіп, сары құрлық біріншілігінде топ жарды. 

Ольга Рыпакова, жеңіл атлетика Қазан айында Қытайда VII Бүкіләлемдік әскери ойындары аяқталды. Аталған сында жеңіл атлетикадан Қазақстан үздігі Ольга Рыпакова көш бастады. Үш қарғып секіруден 14.19 метрді бағындырған атлет жарақатына қарамастан, әскери ойындардың жеңімпазы атанды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу