Бұл туралы ҚР ҰБ ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин айтты, деп жазады Inbusiness.kz.
"Қазанда іскерлік белсенділік индексі 49,6-ге дейін біршама жақсарды. Бірақ көрсеткіш әлі теріс аймақта тұр", – деп хабарлады Ұлттық Банк.
Іскерлік белсенділік өндірісте жақсарғаны байқалады. Онда 51,6 көрсеткішпен (қыркүйекте – 49,5) оң аймаққа өтті. Құрылыста іскерлік белсенділік индексі өзгеріссіз қалпында.
Көрсеткіш алдыңғы айдағыдай 48,5 күйінде қалды. Қызмет көрсету және тау-кен өндіру секторында да индекс теріс аймақта тұр. Әсіресе, қызмет көрсетуде 49,5-ке дейін (қыркүйектегі 49,1-ден) біршама ұлғайды. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде жеткізу мерзімі ұзарып, жұмыспен қамту деңгейі төмендегендіктен 48,7-ден 48,0-ге дейін түсті.
"Қазіргі бизнес жағдайларды бағалауда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Алайда, болашақ бизнес жағдайға қатысты оптимизм жақсара түсті. Сөйтіп, ағымдағы және болашақ бизнес жағдайларды орташа бағалауды білдіретін бизнес-ахуал индексі 11,2 болды (2023 жылғы қыркүйекте – 9,5). Бизнес-цикл "сағатының" индикаторы өсу аймағында қалды. Себебі, бизнес жүргізудің ағымдағы және болашақ жағдайларын бағалау оң қалпында қалып отыр", – деді Рүстем Оразалин.