Алматыда ер адам таныс әйелі мен оның алты жасар қызын шойын қазанмен ұрып өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, қылмыс биыл 5 қыркүйекте болған. Айыпталушы Б. жәбірленуші әйел А.-мен шамамен 6 ай таныс болған. Сол күні олардың арасында тұрмыстық жанжал туындап, ашуға булыққан ер адам шойын қазанды қару ретінде қолданып, әйелді оның анасы мен 6 жасар қызының көзінше ұрған.
Әйел ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды. Сараптама оның ашық бас-ми жарақатын алғанын, бас сүйегі бірнеше жерден сынғанын және миға қан құйылғанын анықтады. Осыдан кейін күдікті 6 жасар қызды да соққыға жыққан. Бала бірнеше күн ес-түссіз жатып, қайтыс болды.
Баланың айқайын естіген көршісі пәтердің есігін қағып, не болып жатқанын анықтауға тырысқан. Бірақ қылмыскер оны да қазанмен маңдайынан соғып, әйел есінен танып қалған.
Қылмыстан кейін ер адам қанға боялған қазанды бір үйдің қақпасының жанында жасырған. Айыпталушы сотта өз кінәсін толығымен мойындаған жоқ. Алайда сараптама нәтижесінде қазаннан оның саусақ іздері табылды.
Ер адам осыған дейін адам өлтіргені үшін жазасын өтеп, мерзімінен бұрын босап шыққан екен.