С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде "Астана – жаңа бастамалар серпіні" ғылыми жастар форумы аясында Астананың 20 жылдығына арналған "ҚазАТУ жас ғалымдары мен студенттерінің 20 жетістігі" атты көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды университеттің баспасөз орталығы.
Көрме ГАЖ технологиялары және АӨК цифрландыру, аквамәдениет, ветеринария, ауылшаруашылық биотехнологиясы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы техникасы бағыттары бойынша өткізілді. Сондай-ақ "Электрондық медициналық жазбалар", "ҚТҚ сұрыптау жүйесі", "Көмек", "Вкусняшка" әлеуметтік жобаларының тұсауы кесілді.
Көрмеге қойылып отырған кез келген жобаны алып өндіріске енгізуге болады. Себебі олар бір емес бірнеше жыл бойына ғалымдардың бақылауымен жүйелі түрде жүзеге асырылған жобалар.
Жас ғалымдар мен студенттер өз жобалары мен технологиялық платформалардың өнімдерін, сондай-ақ жабық сумен жабдықтау қондырғыларында балықты өсіру: қондырғыны орнатудан бастап алғашқы өнімді алу жолы жайында баяндады.