"Қазавиақұтқару" ұшқыштарымен келісімге келдік - Юрий Ильин

629

Осы аптада "Қазавиақұтқарудың" 23 ұшқышы басшылықтан еңбек жағдайларын жақсартуды және жалақыны көтеруді талап еткен болатын.

"Қазавиақұтқару" ұшқыштарымен келісімге келдік - Юрий Ильин Фото: Естаяq Манасбаев

"Жұмыстан жаппай кетеміз" деп мәлімдеме жасаған "Қазавиақұтқару" мекемесінің ұшқыштарымен келісімге келе алдық, деді Юрий Ильин. Бас құтқарушының сөзінше, кеше авиациялық компания олармен кеңес өткізген. Есте болса, осы аптада "Қазавиақұтқарудың" 23 ұшқышы басшылықтан еңбек жағдайларын жақсартуды және жалақыны көтеруді талап етті. Ал сол талаптар орындалмаса, 1 мамырдан бастап еңбек шартын бұзатынын мәлімдеді. Оларға мекеменің кірістері мен шығыстары, ақшаның қайда жұмсалып жатқаны егжей-тегжейлі түсіндірілді деді министр. Сонымен қатар, мұндағы кейбір командирлер айына 1 млн 700 мың теңге жалақы алатынын тілге тиек етті. 

"Менің ойымша, кешегі кездесуден кейін көптеген сұрақтар шешімін тапты. Егер бұл ұшқыштар "Казавиақұтқаруда" жұмысын жалғастырғысы келсе, біз қарсы емеспіз. Оларға қатысты қатаң шараларды қолданбаймыз. Олар өз үндеуінде маңызды мәселелерді көтерді. Бұл мәселелерге тиісті назар аудармаған, шара қабылдамаған лауазымды тұлғаларжауапкершілікке тартылады. Біз қызметкерлерімізге қажетті жағдайдың бәрін  жасаймыз", - деп пікір білдірді деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі.

Қаперде болса, жуырда Батыс Қазақстанда "Қазавиақұтқару" мекемесінің түкұшағы құлап, 4 қызметкер мерт болған еді. Осы орайда Ильин ұшу техникасының біртіндеп жаңартылып жатқанын айтты.

"Біз жаңа заманауи жабдықтарды, соның ішінде МИ-8 тікұшақтары мен еурокоптерлерді кезең-кезеңімен жаңартамыз. Қазіргі уақытта мұндай техниканың шамамен 30 бірлігі бар. Республикалық бюджет есебінен жыл соңында жаңа тікұшақтар алатын боламыз. Келесі жылы біздің бөлімшелеріміздің мүмкіндіктері артады", - деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Құтқарушылардың жалақысы 200 мың теңгеге дейін өсті 

Сондай-ақ, биыл қатардағы өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысы өскен. Бұған дейін олар 120 мың теңге алса, енді айлықтары 200 мың теңге болған. Сонымен қатар, ведомство азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін жақсартпақ. Оларға пәтер беріліп, көтермеақы төленеді әрі кезекшілік кезінде бір тәулікке жететін тамақ қоры да беріледі деп сендірді Юрий Ильин. Сөзінше, бұған дейін өрт сөндірушілерге мұндай көмек көрсетілмеген.

"Мемлекет басшысының қолдауының арқасында азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру жүзеге асырылды. Бірінші кезекте қарапайым өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың айлығын 70% - ға, яғни 200 мың теңгеге дейін арттырдық.  Сәуір айында үш айға қайта есептеу жүргізілді. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, құтқарушылардың әл-ауқатын арттыру шаралары әлі жалғасын табады", - дейді  Юрий Ильин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу