"МИ-8" әуе көлігін шығарған ресейлік кәсіпорын қызметкерлері де тергеуге қатысады, деп хабарлайды inbusiness.kz министрлікке сілтеме жасап.
Қазір оқиға орнында комиссия мүшелері жұмыс істеп жатыр. Аумақ қоршалып, тікұшақтың қираған бөлшектерін сақтайтын қоймалар іздестірілуде. Оқиғаның мән-жайын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көліктегі оқиғаларды тергеу департаменті мен Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаменті қызметкерлері тергеп жатыр.
Ал, аман қалған екі адамның жағдайы қалыпты. Ауруханада ем алып жатыр. Екі-үш күнде үйлеріне жіберіледі.
"Комиссия тікұшақ апаты мен қызметкерлеріміздің өліміне қатысты өз үкімін шығармайынша, мен әзірше түсініктеме бере алмаймын. Әрине, біз де осы апатқа қатысты ішкі қызметтік тергеу жүргізіп жатырмыз. Бір айтарым, алдын ала қорытынды бойынша тікұшақ техникалық тұрғыдан дұрыс болған. Бұл ұшуды орындаған экипаж кәсіби болды. Ұшқышта 2600 сағаттан астам ұшу уақыты болды. Екінші ұшқыштың шамамен 4000 сағаты бар және олардың кәсіби деңгейіне күмәндануға негіз жоқ. Сондықтан комиссияның қорытындысы қандай болса, өлімнің де, төтенше жағдайдың да себептері туралы тиісті қорытындылар болады", - деді Төтенше жағдайлар министрі Ю.Ильин.