"ҚазАвтоЖол" 2024 жылы Ақтөбе – Ұлғайсын және "Жезқазған – Қарағанды жаңа жобаларын іске асыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 96 км құрайтын "Ақтөбе – Ұлғайсын" және "Жезқазған – Қарағанды" атты екі жаңа жобаны іске асыруды жоспарлап отыр (40 км Жезқазған-Қарағанды және 56 км Ақтөбе-Ұлғайсын).
Сондай-ақ мекеме "Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы" республикалық күре жолының "Жезқазған – Қарағанды" учаскесін қайта жаңарту мақсатында "Мемсараптама" РМК қорытындысын алғандарын мәлімдеді.
"Құрылыс Ұлытау облысының Жаңаарқа және Қарағанды облысының Шет аудандарында жүргізіледі. 755 км-ден басталып, 795 км-ге дейін Ақтайлақ, Қарамола, Бидайық кенттері арқылы өтеді. Мердігерлік ұйымды айқындау бойынша тендерлік құжаттама дайындалып, өтінімдерді қабылдау а. ж. 22 қаңтарда басталады", - делінген хабарламада.
"РФ шекарасы (Самараға) – Шымкент" республикалық автомобиль жолындағы "Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын" қайта жаңарту жобасының 791-819 км учаскесі бойынша тендер жарияланып, өтінімдерді ашу 2024 жылғы 3 қаңтарда өткен. Бүгінгі таңда "Сине Мидас Строй" ЖШС мердігер ретінде анықталды.
Құрылыс жұмыстары Ақтөбе облысының Хромтау ауданында жүргізіледі. Қайта жаңарту 791-819 км аумақта жүріп, Ақжар кенті мен Жазық станциялары арқылы Хромтау қаласына қарай жалғасады.
"763-791 км учаскесіндегі жұмыстарға "Мемсараптама" РМК оң қорытындысын алу күтілуде, соңынан тендер жариялау мақсатында құжаттама дайындалады. Құрылыстың нормативтік мерзімдері мердігерлермен шарт жасасып, учаскеге жұмылдырылып, қажетті рұқсат құжаттамасы ресімделгеннен кейін айқындалады", - делінген хабарламада.