"Қазавтожол" ҰҚ" АҚ-ның павлодарлық филиалы "Еуразия" бірінші арнасының көпірдің қауіп төндіріп тұрғаны жайындағы ақпаратын жоққа шығарды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Қазавтожол" ҰҚ" АК-ның Павлодар облыстық филиалының сапаны бақылау және жұмысты қабылдау бөлімінің басшысы Арыстан Жақсылықов хабарлағандай, қауіпті деп аталған темір бекеттер көпірді салу кезіндегі уақытша тіреулер болып шықты.
"Тіреулер үш жыл бұрын өте терең орнатылған. Жазғы уақытта жауын-шашын салдарынан тіреуді ала алмадық себебі су деңгейі жоғары болды. Күзде алуға тырысып едік, құрал-жабдықтарымыз жарамады, сондықтан Санкт-Петербордан алдыртуға тапсырыс бердік. Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жұмыстар ешқандай қауіп төндірмейді. Бұл сұрақ біздің бақылауымызда", – деді Арыстан Жақсылықов.
Естеріңізге сала кетсек, көпір өткелінің құрылысына 53,9 млрд теңге жұмсалған. Нәтижесінде көпір республикалық "Орталық-Шығыс" төрт жолақты автобанның бір бөлігіне айналады және Қазақстанның орталық бөлігін Ресей елінің көршілес жатқан өңірлерімен байланыстырады.