Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов "ҚазАвтоЖол" компаниясына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет 100% қатысатын "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы автомобиль жолдарының Ұлттық операторы болып саналады. Бірақ ол бір уақытта 2 функция атқарады. Атап айтқанда, автомобиль жолдарын салу және оларды реконструкциялау, жөндеу мен күтіп-ұстаудың ұйымдастырылу барысы мен сапасын бақылау. Яғни, ол жолды өзі салып, өзін-өзі бақылайды екен", – деді депутат Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.
Айтуынша, осындай жағдай Жол активтері сапасының ұлттық орталығында да орын алып отыр.
"Ол жобаларға ведомстволық сараптаманы өзі жүргізеді, таңдау түріндегі құрылысқа ұсыныстарды өзі береді және мердігер ұйымдардың жұмысынан кемшіліктерді өзі табады. Сөйтіп, мүдделер қақтығысы туындайды. Ал мемлекеттің стратегиялық міндеттерін іске асыру кезінде бұған жол берілмеуі тиіс. Бұдан басқа жергілікті техникалық қадағалау қызметтері жұмысының әлсіздігі байқалуда. Олар атқаратын жұмыстардың сапасы үлкен наразылық тудырады, техникалық қадағалау функциялары формальды түрде орындалады", – деді Нұртай Сабильянов.