"ҚазАвтоЖол" жолдың тайғақтығына шағымданған жүргізушілерге жауап берді

163

Мамандар жолда барынша сақ болуға шақырды.

"ҚазАвтоЖол" жолдың тайғақтығына шағымданған жүргізушілерге жауап берді Фото: stan.kz

Жетісу облысында жүргізушілер жолдарға уақытылы құм себілмегендіктен қозғалыстың қиындағанын айтып, шағымданып отыр. Жолға жауапты мамандар бұл мәселе бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Күндіз әлеуметтік желіде Жетісу облысына қарасты Сарыөзек–Талдықорған бағытындағы Мұқыры асуы жолына құм себілмегені туралы жолаушылардың шағымы жарияланған болатын. Жазба авторы көк мұзға айналған күре жолға не құм, не тұз төгілмегенін айтып, ақылы жолда сақ болуға шақырды.

"ҚазАвтоЖол" ҰК-ның Жетісу облысы бойынша филиалы өкілдері жауап берді:

– Бейнематериал таңертең түсірілген. Сағат 15.00-ге қарай мұзға қарсы материалды төгу күшейтілді. Жолдарды қардан тазартудың белгілі бір уақыты бар, ол кезде қозғалыс қарқындылығы мен экстремалды ауа райы жағдайлары ескеріледі. Жалпы, "Сарыөзек–Талдықорған" тас жолының бөлігін қардан тазарту үшін 13 бірлік техника жұмылдырылып, 200 текше метрден астам мұзға қарсы материал пайдаланылды, – деді "ҚазАвтоЖол" өкілдері.

Үшарал–Талдықорған бағыты бойынша да жолға шыққан жолаушылар Қызылағаш–Талдықорған, Қабанбай–Көлбай ауылдары аралығындағы көктайғақ салдарынан көліктердің бір-біріне соғылып, жүк көліктерінің аударылып жатқанын айтып шағымданған.

– Сұмдық. Жолдың ортасында көлденеңнен фуралар құлаған. Көлбай мен екі орта қауіпті болып тұр. Жолға шығамын дегендер шықпай-ақ қойсын, – делінген жазбада.

Күндіз жазылған шағымдарға жауапты мамандар арада 3 сағат өткеннен кейін ғана үн қатты.

"ҚазАвтоЖол" Жетісу облысы филиалының пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы:

– Республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен автожолының 124–209 шақырым аралығы. Жолдың беткі қабаты таза, ашық. Ешқандай көктайғақ байқалмады. Жол патрульдік жұмыстары жалғасуда, – деп хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу