"ҚазАзот" зауытына аммиак қалдықтарын төккені үшін айыппұл салынады

894

Маңғыстау облыстық экология департаментінің экологтары мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының ұйғарымы негізінде "ҚазАзот"АҚ-ға жоспардан тыс тексеру жүргізген.

"ҚазАзот" зауытына аммиак қалдықтарын төккені үшін айыппұл салынады

"Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға ҚР ӘҚБтК-нің 331-бабы атмосфералық ауаны қорғау және су объектілерін ластану мен қоқыстанудан қорғау жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін айыппұл салынды. Бұдан басқа, "ҚазАзотқа" 30 күн ішінде бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді", - дейді Маңғыстау облысының экология департаменті өкілдері.

Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабы қоршаған ортаға рұқсат етілген антропогендік әсер нормативтерін бұзу бойынша зауытты жауапкершілікке тарту мәселесі де қарастырылуда.

"ҚазАзот" АҚ басшылары жасанды көлде аммиак мөлшерінің артуына жол бергенін мойындады.

"Басқұдық ауылы маңындағы жағдай бойынша кәсіпорынға экология департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, зиянды заттардың мөлшері асып түскенін көрсетті. Бұл жаңадан салынған Бейтараптандыру және буландыру бөлімі нысанын іске қосу, реттеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты болды. Құрамында 50 литр мөлшерінде 1% аспайтын аммиак суы қалдықтар қоймасына жіберілген. Айыппұл көлемін құзырлы орган жақында есептеп шығарып, мәлімдейтін болады", - делінеді "ҚазАзот" АҚ хабарламасында.

Еске салайық, Маңғыстау облысының Басқұдық ауылы тұрғындары іргедегі "Қошқар ата" қалдықтар қоймасына "ҚазАзот" зауыты құбыр арқылы аммиак төгетінін айтып, содан зардап шегіп отырғандарына шағымданған еді. Құзырлы орындар бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарып, кәсіпорын тексерісін аяқтады.

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу