"Қазгеология" ұлттық геологиялық барлау компаниясы" акционерлік қоғамы мен "Росгеология" АҚ басшылары Алмаз Абдыгалимов пен Сергей Горьков Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының аумағында қатты пайдалы қазбалар кен орындарын барлау жөніндегі келісімге қол қойды, деп хабарлайды индустрия және инфрақұрылымды даму министрлігінің баспасөз қызметі.
XII Астана экономикалық форумындағы "Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар" Қазақстандық жаһандық инвестициялар бойынша дөңгелек үстел алаңында осы келісімге қол қойылды.
Шекара маңында іргелес орналасқан кен тораптары өңірлерін ескере отырып, геологиялық компаниялар басшылары ынтымақтастық нұсқаларын талқылады. Оларды іске асыру үшін Қазақстанда "Росгеологияның" өкілдігі ашылып, кен шикізаты бар кен орындары учаскелерін табуға перспективалы жер қойнауы учаскелерін таңдау, геологиялық ақпаратты алдын ала талдау, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жөнінде ұсынымдар әзірлеу үшін бірлескен жұмыс тобы құрылатын болады.