"Қазгидромет" РМК 2023 жылғы 16 мамырда жаңа үй-жайдағы Салыстырып тексеру зертханасының ашылу салтанатын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР Экология министрлігіне сілтеме жасап.
Жұмыс сапасы мен мамандардың еңбек жағдайын жақсарту үшін зертхана "Қазгидромет" РМК ғимаратына көшірілді. Бұдан бұрын ол метеостанция ғимаратының шағын бөлмесінде орналасқан еді. Зертхананың мекенжайы өзгеруінен басқа, жұмыс географиясы да кеңейе түсті. 2014 жылға дейін ол елордада қызмет көрсетті, бүгінгі таңда зертхана құрылымы Қазгидрометтің 14 өңірлік филиалына барып қызмет көрсетеді.
Зертхананың негізгі қызметі – өлшеу құралдарын белгіленген техникалық және метрологиялық талаптарға сәйкестігін растау, сондай-ақ қолдануға жарамдылығын анықтау мақсатында салыстырып тексеру. Барлық жабдық жыл сайын "ҚазСтандарт" РМК мен "Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы" АҚ-да, сондай-ақ Бүкіл Ресейлік метрология ғылыми-зерттеу институтында (Санкт-Петербург қ.) калибрлеуден өтеді, онда олардың нақты метрологиялық сипаттамалары және қолдануға жарамдылығы айқындалып, калибрлеу туралы сертификаттар беріледі.