Ақтөбе облысында қажеттілігі жоғары балаларды қолдау бойынша шаралар жүзеге асырылуда, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Облыста өткен әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында инклюзивті білім беруді дамыту және мүгедек балаларға көмек көрсетуге байланысты мәселелер талқыланды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша 2016 жылы оңалтудың жекелеген бағдарламасы бойынша 94 мүгедек бала орындық-арба алды, тағы 96-сы көмекші техникалармен қамтамасыз етіліп, 246 балаға протездік-ортопедиялық бұйымдар берілді, 13 бала шипажайлық-курорттық сауықтыруға жіберілген.
Ағымдағы жылы мүгедек балаларға көрсетілетін шығынының бюджеті үш есеге артты.
Бұған қоса, 18-29 жас аралығындағы мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен қамтуға, Алға, Қандыағаш, Хромтау сынды шағын қалаларда инватаксидің жоқтығына байланысты сауалдар да өзекті болып қала береді.
Айта кетейік, бірінші жарты жылдықтағы мәлімет бойынша өңірде 3 мыңнан аса мүгедек бала тұрады.