Қазір әскер азғындықтың ортасына айналып кетті - депутат

619

Бұл туралы депутат Геннадий Шиповских Сенатта әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау мәселесі туралы өтіп жатқан отырыста мәлімдеді. 

Қазір әскер азғындықтың ортасына айналып кетті - депутат Фото: Factcheck.kz

Жоғарғы палата депутатының сөзінше, әскердегі мәселелер шешімін тауып жатқан жоқ, деп жазады inbusiness.kz.

"Сөздің шындығын айту керек, қазір әскер азғындықтың ортасына айналып кетті десек артық болмас. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда қаншама қыршын жас кетіп жатыр. Аман сау барып, аман емес қайтып жатқандары қаншама. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы әскери қызметкерлердің арасындағы жарғылық емес қатынастарды жоюға байланысты комиссия құрған болатын. Алайда ол комиссия нақты жемісті жұмыс атқармады. Қазақша айтқанда, "айдағандарыңыз бес ешкі, ысқырықтарыңыз жер жарады", - деді ол.

Депутаттың сөзінше, қаншама жағдайлар қайталанып жатыр.

"Екінші мәселе медкомиссияға байланысты. Біз қазір өңірлерде бірқатар жағдайды байқап отырмыз. Медициналық тексеру кезінде кейбір жастарымыз әскерден жалтару үшін тіпті медкомиссияға пара ұсынып, одан (авт. – әскерден) жалтарып жатыр. Әрине бір жағынан оларды да, әке-шешелерін де түсінуге болады. Қазіргі заманда өзінің аман-сау мәпелеп өсірген, он екі мүшесі түгел баласын жіберіп, одан кейін мүгедек боп немесе табытпен қарсы алып жатса, кімге жақсы? Сондықтан біз әскердегі мәселені, тәртіпсіздікті реттемей, өкінішке қарай, осы саладағы парақорлықты арттырып жатырмыз", - деп атап өтті халық қалаулысы.

Айта кетейік, осыған дейін  2020 жылдан бастап осы уақытқа дейін елімізде 270 әскери қызметші қайтыс болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу