Қазір аудандық әкімдер шешім қабылдауға қорқады – Ерлан Саиров

251

Әкімдерге тиімді әрі ашық жұмыс істеу үшін жағдай жасау ұсынылды.

Қазір аудандық әкімдер шешім қабылдауға қорқады – Ерлан Саиров Фото: Аманат партиясы

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров су тасқынына байланысты Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Дәл қазір еліміз ел аман, жұрт тынышта терең әлеуметтік дағдарысқа тап болды. Дайын болмаған кезде келген топан су – Қазақстандағы 30 жыл бойы қалыптасқан даңғазалық, волюнтаризм мен көзбояушылықтың шынайы көрінісі. Бұл факт. Бұл оқыс оқиға еліміздегі жергілікті басқарудағы жүйелі проблемалардың бар екенін айқын көрсетті. Сондықтан, бізге аудандық, ауылдық деңгейдегі мемлекеттік басқарудың басымдықтарын қайта қарау маңызды. Мысалы, облыс, аудан әкімшіліктеріне қосымша құзырет бере отырып, инфрақұрылым, халық шаруашылығын ұтымды реттеу үшін шаруашылық бағыттағы децентрализация қажет", - деді ол жолдаған депутаттық сауалында. 

Ол әр әкім өңірдің коммуналдық-шаруашылық мәселелерін реттеу үшін дербес шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болуы тиіс деген пікірде.

"Ең кемі, олардың дербес иелегінде коммуналдық техника мен шаруашылыққа бағытталған арнайы өз тікелей бюджеті болуы тиіс. Инфрақұрылым, тазалық, жергілікті жолдарды салу-жөндеу, кішігірім плотина, тоғам, ирригация жүйелерін салып, жөндеу мәселелері бойынша әкімдіктерге қосымша құзырет беру маңызды. Қазір аудандық әкімдер шешім қабылдауға қорқады. Өйткені, табжылып кетсе, ертеңінде прокуратура, құзырлы органдар келеді. Салдарынан бүгінгі жағдайда мемлекет жүздеген миллиард шығынға батып отыр. Сондықтан, қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтіп, Мәслихаттардың рөлін арттыра отырып, әкімдерге тиімді әрі ашық жұмыс істеуге жағдай жасау қажет", - деп атап өтті мәжілісмен.

Ерлан Саиров су шаруашылығы саласында аудандық, облыстық деңгейде су ресурстарын басқаратын коммуналдық кәсіпорындар ашу қажеттігін баса айтты. 

"Жергілікті аудандық коммуналдық кәсіпорын жергілікті маңызы бар тоған, бөгет, гидроузелдерді өз балансына алуы қажет. Жергілікті атқарушы органдарға тиісті бюджеттік бағдарламалар ашылуы маңызды. Оларды қажетті техника, білікті кадрлармен қамтамассыз етіп, жергілікті гидро-құрылымдарды дамытуға күш салу қажет. "Қазсушар" республикалық деңгейде стратегиялық маңызы бар нысандарды ғана басқаруы тиіс", - деді спикер.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов жауапкершілік алудан қашқандарды жазалауды ұсынғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу