Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 803 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 882,8 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 трлн 920,2 млрд теңге қарастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 413 мың адам.
2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 810 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 211 теңге, базалық зейнетақы – 42 599 теңге.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әрбір алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде болмаса, базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Мысалы еңбек өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 85 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 105% белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнеткерлік жасқа жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Өз кезегінде, азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.