Қазірдің өзінде елімізде электр энергиясының тапшылығы байқалады – Смайылов

403

Қазақстанда энергия тұтыну көлемі тұрақты өсе беретін болады. 

Қазірдің өзінде елімізде электр энергиясының тапшылығы байқалады – Смайылов Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазірдің өзінде елімізде электр энергиясының тапшылығы орын алып отыр. Энергия көздерінің жетіспеуі алдағы уақытта ірі кәсіпорындар үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Өйткені, болжам бойынша Қазақстанда энергия тұтыну көлемі тұрақты өсе беретін болады", – деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, еліміздегі энергия балансын сақтау үшін батыс облыстардың газ қуаттарын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Солтүстік және оңтүстік аймақтарда генерациялау көлемін ұлғайтуға басымдық берілді. Атап айтқанда, биыл Екібастұз ГРЭС-1-де Бірінші энергия блогын қалпына келтіру жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңадан жылу электр орталықтарын салу мәселесі пысықталып жатыр.

"Оңтүстік өңірлерде газ генерациялау жобалары іске асырылуда. Олар 2025-2026 жылдары аяқталады. 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 15% үлесіне қол жеткізу мақсатында Total Energies, Acwa Power және Masdar сияқты стратегиялық инвесторлармен ірі жобалар іске асырылатын болады. Жалпы, 2035 жылға дейін Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне шамамен 26 ГВт базалық және маневрлік генерацияны іске қосу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан шаралар электр энергиясының тапшылығын жоюға және 2030 жылға қарай оның резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", –  деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, Премьер-Министр наурыз айының соңына дейін гидроэнергетиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа жоспарын қабылдау қажеттігі туралы айтты.

"Бұрын басталған ірі жобаларды іске асыру созылып кетті. Солардың бірі – Екібастұз ГРЭС-2-нің Үшінші энергия блогын салу жұмыстары. Бір ай мерзімде құрылыс жұмыстарын бастау қажет. Сондай-ақ, "Самұрық-Энерго" компаниясы биыл Екібастұз ГРЭС-1-де Бірінші энергия блогын қалпына келтіруді қамтамасыз етуі керек. Батыс энергетика аймағын Бірыңғай ұлттық жүйеге қосу мәселесі шешімін таппай отыр. Сондықтан, "KEGOС" компаниясы осы жылы "Ақтөбе-Атырау" электр беру желісін салу жұмыстарын бастауы керек. Бүгінде, Энергетика министрлігі жаңа газ генерациялау объектілерін салу орындарын айқындады. Олар – Қызылорда, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау және Ақтөбе қалалары. Осы жобаларды іске асыру үшін ақпан айының соңына дейін қажетті рәсімдерді бастау қажет", – деп толықтырды ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу