Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілармиялық кеңес отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылғанын атап өтті.
"Сондай-ақ десанттық-шабуылдаушы әскердің қарым-қабілетін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Аумақтық қорғаныстың әлеуеті күшейтілуде. Азаматтық қорғаныс бөлімшелері құрылып жатыр. Арнайы жасақ бөлімдерін дамыту ісі тың қарқынмен жалғасуда. Осы жұмыстың бәрін уақтылы аяқтау керек. Олар біртіндеп қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуге тиіс. Мемлекеттік органдардың тығыз қарым-қатынаста болуы өте маңызды. Сонда ғана біз кез келген қауіп-қатерге төтеп бере аламыз", - деді ол.
Қуатты армия – тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі, деді Президент.
"Барлық мәселе халықаралық құқық аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес шешілуге тиіс деп санаймыз. Алайда, заман күнде құбылып жатыр. Мемлекеттер өз мүддесін қорғау үшін жиі күш қолданатын болды. Әлемде жаппай қарулану белең алды. "Жау жоқ деме, жар астында" деген сөз бар. Қазіргі күрделі кезеңде армияның рөлі күшейе түсті. Армия егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болу қажет. Оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуы басты факторға айналды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзінше, әскердің білікті болуы және ұтқырлығы ұрыс нәтижесіне тікелей әсер етеді.
"Армия осы талапқа сай болса, өз міндетін ойдағыдай атқарады. Түрлі қауіп-қатерге тойтарыс бере алады. Мен сайлау алдындағы бағдарламада Қорғаныс саласының басымдықтарына арнайы тоқталдым", - деп қорытындылады Президент.