Бұрынғы қызметкер жұмыстан босатылғаннан кейін ақша жетіспеушілік орын алған. Бұл туралы Астана сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап "ҚазАқпарат" хабарлады.
"2012 жылы жауапкер студиядан тыс құралдар бөлімінің телевизиялық-журналистік кешенінің инженері лауазымына қабылданды. "Қазмедиа орталығында" жұмыс істеген кезеңде ол материалдық-жауапты тұлға болды. 2015 жылы қызметкердің өтінішімен инженермен еңбек шарты бұзылады. Алайда қабылдау-тапсыру актісі бойынша материалдық құндылық тапсырылмаған.
Қордағы құралдарды, негізгі құралдарды, материалдық емес активтерді түгендеу қорытындысы бойынша сомасы 10 миллион теңгеден астам тауар-материалдық құндылықтың жетіспейтіні анықталды", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.
Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты талапарызды қанағаттандырды, бұрынғы қызметкерден 10 383 299 теңге көлемінде материалдық шығынды өндіріп берді. Сот шешімі заңды күшіне енді.