"ҚазМұнайГаз" келешекте төмен температурада қолдануға арналған дизель отынын ертерек береді

122

"ҚазМұнайГаз" фермерлерге берілген дизель отынына қатысты жағдайды түсіндіріп өтті.  

"ҚазМұнайГаз" келешекте төмен температурада қолдануға арналған дизель отынын ертерек береді Фото: kmg.kz

Компания баспасөз қызметінің мәліметінше, елдегі мұнай өңдеу зауыттарының (МӨЗ) өндірістік қызметі, соның ішінде жазғы, маусымаралық және қысқы дизель маркаларына көшу бекітілген жоспарға сай жүзеге асырылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл шара ішкі нарықтың алдағы маусымдағы қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған.

– Қыркүйек айының өндірістік жоспарына сәйкес, отандық зауыттар 1 қазанға дейін жазғы маркалы дизель отынын өндірді. Шілдеден бастап солтүстік облыстарға дизель отыны қалыптасқан тәжірибе аясында Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарынан жеткізіліп келді. Салалық уәкілетті органның өтініші бойынша, алдағы уақытта "ҚазМұнайГаз" төмен температураға бейімделген дизель отынын ертерек өндіруді қолға алуға дайын, – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта өндірістік процестер ауа райын ескере отырып реттелді. Қазан айының басынан Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары –5°C температураға дейін қолдануға болатын маусымаралық дизель отынын шығара бастады.

– Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, яғни биылғы 25 қазаннан соң –15°C және одан төмен температурада пайдалануға арналған дизель отынын өндіруді жоспарлап отыр, – дейді компания өкілдері.

Ел бойынша күзгі дала жұмыстарына барлығы 422,1 мың тонна дизель отыны бөлінген.

Оның ішінде:

  • Атырау МӨЗ – 183,4 мың тонна;
  • Павлодар МӨЗ – 174,3 мың тонна;
  • Шымкент МӨЗ – 64,4 мың тонна жеткізілген.

Солтүстік өңірлердің шаруаларына: Қостанай облысына – Атыраудан 57 мың тонна, Павлодардан 28,5 мың тонна; Ақмола облысына – Атыраудан 51,1 мың тонна, Павлодардан 33,3 мың тонна және Солтүстік Қазақстан облысына – Атыраудан 56,1 мың тонна, Павлодардан 12,5 мың тонна бөлінген.

Жалпы, "ҚазМұнайГаздың" мәлімдеуінше, отандық мұнай өңдеу зауыттарының өнімі техникалық регламент талаптарына толық сәйкес келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу