"ҚазМұнайГаз" мамандары "Қарашығанақ Петролеум Оперейтингте" біліктіліктерін арттырады

99

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Shell концерні барлау және өндіру бөлімшесінің басшысы Питер Костелломен кездесу өткізді.    

"ҚазМұнайГаз" мамандары "Қарашығанақ Петролеум Оперейтингте" біліктіліктерін арттырады Фото: kmg.kz

Кездесуде Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобалары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

2025 жылдың алғашқы 4 айдағы қорытындысы бойынша "Қашаған" кен орнында ҚМГ үлесін қосқанда 6 млн 118 мың тонна мұнай өндірілді. Жыл соңына дейін 17,8 млн тонна мұнай өндіру жоспарлануда.

Асхат Хасенов "Қашаған" кен орнының зор әлеуетін ескере отырып, жобаның қатысушылары елішілік құндылықты дамытуға және қазақстандық қамту үлесін арттыруға ерекше назар аударуы тиіс екенін атап өтті.

"Қарашығанақ" кен орнында "ҚазМұнайГаз" үлесін қоса алғанда, өндіріс көлемі 3,8 млн тоннаға жетіп, жоспардан асыра орындалды. Жылдық жоспар бойынша 11,14 млн тонна мұнай және 25,57 млрд текше метр газ өндіру көзделген. ҚМГ жылына 4,5 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылысына қатысты оң динамиканың жоқтығына алаңдаушылық білдірді.

Тараптар қазақстандық кадрлардың біліктілігін арттыру мәселелерін қарастырып, ҚазМұнайГаз мамандарын "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." компаниясына жіберу мүмкіндігін талқылады.

Сондай-ақ, жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша ынтымақтастық орнату мәселесі көтерілді.

ҚазМұнайГаз 2024 жылы геологиялық барлау жобаларына инвестиция тарту мақсатында жаһандық роуд-шоу өткізген, ал Shell бірнеше перспективалы учаскеге қызығушылық танытқан.

Компаниялар арасында геологиялық барлау жұмыстарын тиімді жоспарлау үшін сейсмикалық зерттеулердің нәтижесін пайдалануға мүмкіндік беретін келісім жасалды. Қазіргі таңда Shell Ақтөбе облысында орналасқан "Мұғалжар" жобасының әлеуетін зерттеуге қатысуда.

– "ҚазМұнайГаз" Қазақстандағы бірлескен инвестициялық жобаларға қатысты кез келген жаңа форматтағы серіктестікке ашық. Біз ұзақ мерзімді стратегиямызды іске асыру аясында Shell компаниясын басым серіктес ретінде қарастырамыз, – деп мәлімдеді Асхат Хасенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу