ҚазМұнайГаз өкілдері жаңаөзендік мұнайшылармен келіссөз жүргізді

576

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ аппаратының басшысы Ерхан Омаров бастаған арнайы құрылған байланыс тобының мамандары Жаңаөзеннен Астанаға келген мұнайшылармен келіссөз жүргізді. 

ҚазМұнайГаз өкілдері жаңаөзендік мұнайшылармен келіссөз жүргізді Фото: ҚМГ баспасөз қызметі

Жаңаөзеннен келген жұмысшылар ҚР Энергетика министрлігі ғимаратының алдына жиналды. Олар осыған дейін ҚМГ-нің еншілес компаниясы "Өзенмұнайгаз" АҚ үшін мұнай сервис қызметтерін көрсетуге арналған тендерде ұтылған "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.

ҚМГ мамандарымен бірге келіссөзге "БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС және "Ai-Bis" ЖШС (тендерде жеңіске жеткен компания) басшылығы да қатысады. Жұмысшыларға жалақыларын сақтай отырып, "Ai-Bis" ЖШС және "Кезби" ЖШС (мұнай сервис қызметтерін көрсетеді) компанияларына жұмысқа орналастыру ұсынылды.

"Жұмысшылар басқа компанияға ауысқан кезде олардың бұрынғы еңбек жағдайы, соның ішінде жалақы мөлшері мен әлеуметтік пакеті сақталуы керек. Тендер қорытындысы бойынша "Өзенмұнайгаз" АҚ мердігері атанған компанияға осындай міндет қойып отырмыз. Алайда, құқықтық рәсімдерге сай әрекет ету керек, жұмысшылар мұны түсінуі қажет", - деп атап өтті ҚМГ аппаратының басшысы Ерхан Омаров келіссөз барысында.

"БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері "Өзенмұнайгазға" жұмысқа тұрғызуды талап етіп, ұсынылған жұмыс орындарынан бас тартты.

Жиналған мұнайшыларға "Өзенмұнайгаз" АҚ штатына қабылданған құқықтық рәсімдерді айналып өтіп, жұмысқа орналасу жөніндегі талап заңсыз екенін түсіндірді. Бұл Жаңаөзендегі жұмыссыздарды кезек бойынша аталған мекемеге жұмысқа орналастыру тәртібіне қайшы келеді.

Бұл ережелер моноқала тұрғындарының талабына сай, жұмыс орындарын әділ бөлу үшін қабылданған болатын.

Келіссөздер алдағы уақытта жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу